биография на казахском языке ахмета байтурсынова
Каталог статей
Байтұрсынов шығармашылық жұмысын өлен жазудан бастаған. Онда ол еңбеқші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады.
Ақынның алғашқы өлендері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт Петербургте жарық көрде. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой санасын оятуға бар жігер қайратын, білімін жұмсайды.
Байтұрсыновтың екінші кітабы «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады.
Байтұрсыновтың қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі « Әдебиет танытқыш» (1926). Мұнда көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан жақты зерттеулер, тұжырымдар сөз болды. Бұл еңбегінде Байтұрсынов ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің әлеум., қоғамдық, мән маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетик. әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөлген. Сондай ақ мұнда жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы ой түйіндер айтылған. Кітаптын бірінші бөлімі « Сөз өнерінің ғылымы» деп аталады. Екінші бөлімі « Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталады.
Байтұрсынов тілші ғалым ретінде қазақ тілінің табиғаты, өзгешееліктері, араб әліпбинің жайы, терминдер, қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы мақалалар жазды. Ол қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсады. Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты оқулықтар мен ғыл.еңбектер ұсынды.
Байтұрсынов қазақ тіл білімін 20-ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалады. Араб графикасына негізделген қазақ жазауының реформаторы болды. Байтұрсынов қалдырған бай мұраның тағы бір саласы көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын ұазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И.Хемницердін «Атпен есек», А.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.
Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937)
Кіріспе
Ұлы ағартушы демократтар Ы.Алтынсарин мен А.Құнанбаевтың көздерін көрмесе де, ұлағатты сөздері-шығармаларымен сусындап, олардың ұстаздық ісін, ақындығы мен аудармашылығын XX ғасырдың басында азаматтық жүрегімен қабылдап алып, жемісті жалғастырған қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы сан ғырлы талант иесі еді. Ақын, аудармашы, педагог, публицист, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының есімі мен еңбектері төңкеріске дейінгі кезеңде-ақ қалың ел, дүйім көпшілікке кеңінен мәшһүр болатын. Ол шынында да қазақ халқының «рухани көсемі» М.Әуезов болған айрықша санаткер еді.
Өмір белестері
Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы Торғай уезінің қазіргі Қостанай облысы Тосын болысында дүниеге келген. Әкесі қарапайым шаруа болғанымен кез келген зорлықшыға кеудесін бастырмаған намысты азамат болғанға ұқсайды. Бұған Байтұрсынның патша әкімдерінің әділетсіздігіне көнбей, ояз бастығына қол көтерем деп Сібірге жер аударылуы дәлел. Бұл оқиға бала Ахметтің жүрегінде өшпестей таңба қалдырған өмірдің алғашқы ауыр сабағы болар, сірә.
А. Байтұрсынұлы 1886-1895 жылдардаТорғай, Орынбор қалаларында оқып, мұғалімдік мамандық алып шығады, сөйтіп, бұдан бергі 13 жыл бойына, яғни, 1909 жылға дейін, ол Қостанай мен Қарқаралы өңірінің мектептерінде, сондай-ақ екі класты училищеде ұстаздық етеді. Жас ұстаздың көңіл-қиялымен үйлеспейтін өмір шындығымен бетпе-бет кеп, талай рет әкімдермен, ел ағаларымен айтыс-тартысқа түсетін шағы да осы кез. Ел ішінде Ахметтің есімі ұстаз ретінде ғана емес, әділетшіл азамат, сондай-ақ ақын ретінде де мәлім бола бастайды. Озбырлық иелеріне ойларын ашық айтқаны үшін жас педагог қуғынға да ұшырап, 1909 жылы түрме дәмін де татады. Осы жылы тұңғыш жинағы – аударма кітабы «Қырық мысал» жарық көреді.
Ахмет өміріндегі жаңа кезең 1910 жылдан басталады, ол осы жылы мұғалімдікті қойып, ақындық пен әлеуметтік күрес жолына түседі. 1913-1917 жылдар аралығында ол Орынборда «Қазақ» газетінің редакторы қызметін атқарып, газет беттерінде үлкен-үлкен әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп, халықты өнер-білімге, мәдениетке, елдікке шақырудың ұйытқысы бола білді, дарынды публицист ретінде кеңінен танылды. Бір өкініштісі, өткенге коммунистік идеология тұрғысынан қараудың кесірінен соңғы жылдарға дейін «Қазаңқ газеті ұлтшыл-буржуазиялық сипаттағы басылым болды деп біржақты бағаланып келді.
Сөйтіп, ол 1919 жылдың көктемінде кеңес жағына шығып, қазақ өлкесін басқарушы орган – Қазақ революциялық комитетінің құрамына еніп, сан сала саяси-әлеуметтік істерге белсене араласады. Бұдан кейінгі өмір жолында өзі қайта қудаланған 1929 жылға дейін ол білімі мен тәжірибесін жаңа заман мақсатына аямай жұмсайды, республика халық ағарту комиссары, жоғары оқу орындарында ҚазПИ профессор оқытушы қызметтерін атқарады. Бұл кезеңде ол мейлінше жемісті творчестволық еңбек етіп, педагогика, әдебиеттану, әсіресе, тіл білімі салаларында құнды зерттеулер, оқулықтар жазады. Республикаға үлкен ғалым, ірі педагог, көрнекті әлеуметтік қайраткер ретінде танылады.
Осындай әлеуметтік-творчестволық тұлғасы қалыптасқан шағында ол 1929 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, 5 жыл айдау азабын көреді, 1934 жылы елге оралады. Алайда, 1937 жылы тағы да заңсыз тұтқындалады. Халқын сүйген, сол үшін күйген аяулы азамат, ақын, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы осы жылы сталиндік репрессияның жазықсыз құрбаны болады. Содан бергі жарты ғасырдан астам уақыт бойына оның есімі де, еңбектері де аталмай, атала қалса, ұлтшыл, кертартпа ақын-жазушылар санатында айтылып келді. Қазіргі шақта заман да, қоғам да өзгерді. Тәуелсіздік самалы тарихқа, өткен мәдениетке де жаңаша көзқарас әкелді. Соның арқасында қазақ халқы жазықсыз жау атанып, мезгілсіз құрбан болған Ахмет Байтұрсынұлы секілді аяулы азаматымен қайта қауышып отыр.
«Қырың мысал » Ахмет Байтұрсынұлын халыққа аудармашы ақын ретінде танытқан тұңғыш жинағы. Кітапқа оның орыстың әйгілі мысалшы ақыны И.А.Крыловтан аударған қырық мысалы енген. Жинақтың «Қырық мысал» аталуының мәнісі де осында.
Аудармашы орыс ақынының шығармаларынан суреттелетін құбылыстар мен жағдаяттары қазақ тіршілігіне неғұрлым жақындау келетінін, әрі ұғымға жеңіл үлгілерін таңдап, іріктеп алған. Крылов мысалдарының негізгі мазмұнын сақтай отырып, оны қазақ оқырманының ерекшелігіне лайықтап еркін аударуды Ахмет негізгі принципі еткен. Әрбір аударма соңына мысалдың негізгі идеясын неғұрлым айқындай түсу үшін ол өз тарапынан бірер шумақ қосып, өзінше түйіндеп отырған. Мәселен, «Шымшық пен көгершін» мысалының аудармасын алып қарайық. Абайсызда торға шырмалған шымшықты көрген жас көгершін оған көмектесу орнына:
Талтүсте торды көрмей соқыр ма едің,
Есалаң, ақылың жоқ, күшік, — деді,
деп оны табалайды, мұнымен қоймай,
Мысалы мені алдап еш уақытта
Top түгіл түсіре алмассың онан зорға, —
деп өзін мақтап, астамшылық көрсетеді. Осылай күліп, табалап тұрып, аңдаусызда өзі де тұзаққа түсіп қалады.
1911 жылы Орынборда жарық көрген «Маса» – Ахмет Байтұрсынұлының төл өлеңдерінің топтамасы. Қазіргі өлшеммен қарағанда, көлемі шығындау бұл кітаптың XX ғасыр басындағы қазақтың қоғамдық өміріндегі үлкен әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп, өз дәуірі үшін елеулі мәнге ие болғаны, қазақ қауымы ортасында салиқалы ой туғызғаны белгілі.
Жинақтың мақсаты оның «Маса» аталуынан да танылады. Ақын кіріспе өлеңінде масаны ызыңымен елді енжарлығынан, жалқаулығы мен ұйқысынан оятуға септігі тиетін бейне етіп алады.
Кітаптағы өлеңдердің тақырыптық-идеялық мазмұнынан автордың ағартушылық көзқарасы да жақсы танылады. Халық тағдырына жаны күйіп, оны ұйқысынан оятуға, серпілтіп, жігерлендіріп, алға жетелеуге күш салған азаматтың үні естіледі. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Жиған-терген», «Жұртыма», т.б. өлеңдері – бұған дәлел.
«Қазақ салты» өлеңінде ақын қазақ қауымының әртүрлі өкілдерінің мақсаты мен өмір-тіршілігін сын көзімен саралай келіп, «ұмтылып талап ойлап талпынбаған» елінің енжар, жайбасар халіне күйініш білдіреді. Елінің бұл халіне оқыған азамат ретінде өзін де кінәлі санай отырып өлең аяғын:
Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет, қазақ азған.
Байға-мал, оқығанға шен мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан, —
деп азаматтық үлкен қиналыспен бітіреді.
… Ақаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ақақның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманынан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік әр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді.
«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі — қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш — мәңгілік ескерткіш.
Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын туманды оймен сезуші едік.
Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды. Ақаңа біздің айтатын сөзіміз: Ақаң — еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі — артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ақаң мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын. Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ақаңды өзінің басшысы деп санайды.
Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам құлықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды…
Қалай болса да, жазушысы азғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай…
Сәкен СЕЙФУЛЛИН
1923 ж.
Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы — баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.
Рымғали НҰРҒАЛИЕВ
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде, қазақтың жерін ғана алып қалмай, ой-санасын да отарлауға айналған патшалық өзбырлық пен большевиктік қызыл қырғын кезеңдерде әдебиет пен саясат майданында қажымас қайратын халқына қапысыз еңбек етіп, ұлттық сананы қалыптастырған Ахмет Байтұрсындай ұлы тұлға бұрыңғы – соңғы тарихымызда сирек.
А.Байтүрсынұлы Ы.Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың аудармашылық және ақындық дәстүрін жалғастырып, қазақ әдебиетін өзінің шығармашылық ізденістерімен байыта түсті. Ахметтің шығармашылық тұлғасының қалыптасуына Ыбырай, Абай мектебі мен алдыңғы қатарлы реалистік орыс поэзиясының да әсер-ықпалы айтарлықтай болды. Жалпы, А.Байтұрсынұлы шығармашылығы XX ғасыр басындағы демократтық әдебиетке тән дәстүрлі ағартушылық, сыншылдың сипатта қалыптасты.
Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
«. Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті» деп жазған екен Сәкен Сейфуллин
XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Өмірбаяны
Түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген.
Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Ал әкесінің інісі – Ерғазы кішкентай Ахметті Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға берген.
Тоғыз жасында орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектебіне оқуға түседі. 1895 жылы педагогикалық кеңестің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақты алып шығады.
1895 жылы жас Ахметтің оқытушылық қызметі басталады. 1909 жылға дейін ол Ақтөбе, Қостанай мен Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде сабақ беріп, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші мен оқытушы қызметін қоса атқарып жүрді.
Омбыда екі жыл бойы Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымында жұмыс істеді.
Ахмет Байтұрсыновтың замандасы әрі қаламдасы Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ахметке арнаған мақаласында, оның тегі жөнінде былай жазған:
«. Сүйегі-Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Түбек. Ақаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты —Байтұрсын».
Саяси жолы
Ахметтің саяси жолы 33 жасында басталды. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы петициясы авторларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы болды. Осы құзырхатқа 14500 адам қол қойған.
Онда жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару, баспахана ашуға рұқсат беру, қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын.
Сол кезеңнен бастап Байтұрсынұлы жандармдық бақылауға алынды. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалып, екі жылдан кейін Орынборға жер аударылады. Семей түрмесіне де жабылды.
Жалпы, 1915 жылға дейін әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін Ахмет Байтұрсыновқа бірнеше рет айыппұл салынды. Абақтыға үш рет қамалды.
Байтұрсынұлы өмірінің Орынбордағы кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды.
Ол осы қалада өзінің ең жақын сенімді достары – Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Алдымен Абай туралы көлемді мақала жариялады.
Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің бірінші санындағы халыққа арнауын былай деп аяқтады:
«Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы».
Жетістіктері
Алаш пен Ахмет
1917 жылы патшаның тақтан құлауын Ахмет Байтұрсынұлы зор қуанышпен қарсы алып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен қазаққа бостандық, теңдік әперу үшін саяси күрес майданына араласты. Сол жылы Орынбор қаласында өткен І Жалпықазақ съезінде Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатов «Тәуелсіз автономия» құру идеясын ұсынады.
Съездің қорытындысы бойынша «Алаш» ұлттық саяси партиясы құрылды. Ал Әлихан Бөкейханов қазақ халқының көсемі, партия басшысы болып сайланды. Алайда ұлттық автономия құрамыз деген бастама тығырыққа тірелді.
Алаш қозғалысы білімсіз кедей-кемшіктің қалың тобырына арқа сүйеген жүгенсіз коммунистік қозғалысқа қарсы тұруға ол заманда қауқарсыз еді. Осыны түсінген және халқымен бірге болуды ойлаған Ахаң 1919 жылдың наурызында Кеңестер өкіметі жағына өтті.
Ахаңдай ірі тарихи тұлғаның беделі уақытша болса да, большевиктерге де қажет болды. Шын мәнінде, Ахаңның және оның серіктерінің Кеңес өкіметі жағына кездейсоқ өтпегені белгілі.
Бұл туралы Ахаңның өзі «Жизнь национальностей» журналында 1919 жылы 3 тамызда жазған.
Шығармашылығы
Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады.
Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды.
Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады.
Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» және тағы басқа өлеңдерінің мазмұны осыны танытады.
Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруға зор үлес қосты. Қазақтың «Ер Сайын» атты эпостық жырына алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 жылы Мәскеуде шығарды.
Бұдан бөлек, қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, 1926 жылы «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады.
Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — «Әдебиет танытқыш» (1926). Автор әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады.
Халық тілінің бай қорынан мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді.
Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды.
Қазақ тілі мен жаңа әліпби
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазып шыққан. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі.
Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазды. Сөйтіп, оқу-ағарту идеясына сол кездегі интелегенция жаппай мойын бұрды.
1911-1912 жылдары Уфа мен Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды.
Сол кезде оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды.
Ахметтің тағы бір зор еңбегі – терминдерді жасау. Бұдан бөлек, ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды.
Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы – ғалымның жазып кеткен мұрасы.
Өмірінің соңғы жылдары
1929 жылы 2 маусымда Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. Келесі жылы КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» шешіміне сәйкес, ату жазасына кесілді.
Бірақ бұл шешім бірнеше рет өзгерді. 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деген үкім шығарылды.
1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. Ал 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады.
Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. Орталық мұражайда кеңесші болып істеді.
Өкінішке қарай, Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы «Ақ жол» газеті туралы хаты Ахмет Байтұрсыновты және оның серіктерін «ұлтшылдар» және «шоқаевшылдар» ретінде қуғындауға теориялық негіз қалады. Қазақстандағы қуғын-сүргінді жергілікті басшы Ф.Голощекин жандандыра түсті.
Ақырында қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп, 1937 жылы 8 желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.

